Елбасы Жолдауы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кеңейтілген мәжілісінде де қызу талқыланды. Болашақ өнер мамандарын әзірлеп отырған оқу ордасында Жолдау бағыттарына орайластырылған «Адами капитал: интеллектуалды ұлт қалыптастырудың рухани негіздері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова «Адам капиталы – мемлекет дамуының басты факторы» атты баяндамасында бүкіл әлем елдерінің өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқанын, жаңа технологиялық өмір салтынан қазақстандықтардың да тысқары тұрмайтынын, санаға түбегейлі өзгерістің қажеттілігі туындағанын атап өтті. «Жаһандық өзгерістерді қабыл ала отырып, «Қазақстан-2050» даму Стратегиясын, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын дамыта отырып, «Цифрлы Қазақстан» кешендік бағдарламасын қабылдауға баса назар аударылғаны болашаққа жарқын жол ашады», деді Бибігүл Нұрғалиқызы.
Сондай-ақ конференцияға қатысқан философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбитұлы да «Рухани жаңғырудың» мәдени-әлеуметтік, тарихи танымдық негіздемелері туралы» деген баяндамасы арқылы жоғары оқу орны мен ғылым үшін қажетті тетіктер туралы сөз етті. «Жолдау өнер саласында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеумен айналысатын біздің ұжымның профессорлық-оқытушылар құрамына да үлкен серпіліс беріп отыр», деді.
Конференцияға қатысқан ғалымдар индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу, соның ішінде цифрландыруға байланысты өзіндік ой, тың ұсыныстарымен бөлісті. Экономиканы цифрландыру елімізге табыс әкелгенімен, өндірісте жұмыс күші азайып қалған жағдайда еңбек нарығында пайда болатын келеңсіз түйткілді оңтайлы шешу жолдарын сөз етті. Жас буын ХХІ ғасырдың табиғи ресурстарға мұқтаж ғасыр екендігін ескере отырып, оны үнемді әрі мақсатты пайдалануды үйреніп өссе игі. Өйткені қоғамның өндірістік дамуына байланысты адамның табиғатқа әсері, табиғат байлығын, табиғат күштерін пайдалануы да артып келеді. Ғылыми-техникалық жетістіктердің дамуы қоршаған ортадағы үйлесімді шиеленістірмеуі тиіс.
Жаңа кезеңге лайық толыққанды адам турасында толғамды ой білдірген мамандар білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу үшін бұл саладағы өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет деген түйін жасады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ